Бас мүфти: Оразаны ұлттық бағытта өткізу үшін жүйелі бағдарлама қабылдап отырмыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бас мүфти: Оразаны ұлттық бағытта өткізу үшін жүйелі бағдарлама қабылдап отырмыз

16.05.2018

ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз «Таңшолпан» бағдарламасында қонақта болып, мұсылман қауымын Рамазан айының басталуымен құттықтады. Сонымен қатар, Бас мүфти Оразаға байланысты көпшілік көкейіндегі сауалдарға жауап берді.

«Ораза біріншіден, тәрбие мектебі. Сабырлылыққа, шыдамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді, адамның жаны мен тәнін сынаққа төзімді ететін, пенденің тілегін қабыл, мұратын асыл ететін ұлық ай. «Рамазан айында кімде-кім Алла разылығы үшін ауыз бекітіп, Ораза тұтса, оның ықыласы мен ниеті үшін күнәлары кешіріледі», деген Пайғамбарымыздың хадисі бар.

Рамазан айының 16 мамырдан 17 мамырға өзгеру себебі туралы мұсылман қауымына бұған дейін жеткізген болатынбыз. Осыған байланысты әлем мұсылмандарының ой-пікірі бір жерден шықты. Бұл айды белгілеудің өзіндік талаптары мен шарттары бар. ҚМДБ Ғұламалар кеңесі шариғи үкім мен отандық астрономиялық ғылыми зерттеу нәтижесін негізге ала отырып, «17 мамыр – Рамазан айының бірінші күні», – деген шешім қабылдады.  Қадір түні 11-нен 12-не қараған түнге сәйкес келеді. Ораза айты -  15 маусым».

Бас мүфти бұдан өзге, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Рамазанды ұлттық бағытта өткізу туралы бастамасы мен ауыл-аймақтардағы мешіттер мен діни қызметкерлердің бүгінгі жайы туралы айтып өтті.

«Дәстүрлі діннің халықтың өнегелі өмір кешуінде әсері көп. Жарамазан айту дәстүрі бойынша діни орындарда байқаулар өткізсек дейміз, сонымен қатар, қазақтың киіз үйлерін тігіп, ауызашар беру жоспарланған. Бұл айда қандай да болсын, жақсы құндылықтарымыз жаңғыруы керек. Оразаны ұлттық бағытта өткізу үшін жүйелі бағдарлама қабылдап отырмыз», - дейді Бас мүфти.

 

 

 

Хабарламаларға жазылу