Оралда Жайықтың мәселесі талқыланды

19.07.2014
Оралда Жайықтың мәселесі талқыланды

Жайықтың тағдыры жастарды да мазалайды. Орал қаласында Қазақстан мен Ресейдің жастары бас қосып, екі елге ортақ өзеннің экологиялық мәселелерін талқылады. Осы бағытта еңбектеніп жүрген аға буын өкілдерімен пікір алмасты.

Кезінде балығы тайдай тулаған Жайықтың жағдайы бүгінде мәз емес. Жылдан жылға суы ластанып, тайызданып келеді. Сондықтан арналы өзенді келешек ұрпаққа жеткізу - қазіргі буынды мазалайтын маңызды мәселе.

Виктория Юлдашева, Орынбор облысының жастар министрі:

Жайықтың суын молайтып, сақтау бағытында нақты жұмыстар жүргізу керек. Өзеннің мәселесі бәрімізге ортақ. Оны шешуде бірлесе еңбек етуге тиістіміз. Осы ретте бұл форум бірлескен жобаларды әзірлеп, алдағы уақытта жүзеге асыруға түрткі болады, деген ойдамыз.

Қалыптасқан мәселені шешу бағытында 17 жылдан бері «Жайық-Орал» экспедициясы ұйымдастырылып келеді. Нәтиже де жоқ емес. Соңғы жылдары екі ел басшыларының тапсырмасымен арнайы бағдарлама әзірленуде.

Елена Тарасенко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:  

Бүгінде біз Ресейдің табиғат ресурстары министрлігінен ақпараттық хат алып отырмыз. Онда қазақстандық тарап дайындап, ұсынған келісім жобасы назарға алынғаны айтылған. Бүгінде келісімге қол қою туралы шешім қарастырылуда. Әрине, біз оның биыл іске асыру бағытында жұмыс істейміз.

Екіжақты үкіметаралық келісімшартқа қол қойылса, Жайық мәселесімен жүйелі айналысатын тұрақты комиссия құрылады. Қазірдің өзінде өзеннің төменгі саласында бөгет, бөгендердің құрылысын бастау ләзім,- дейді депутаттар. Бұл жайылмаларды суға толтырып, Жайық суын ұстап қалу үшін қажет.

Самиғолла Оразов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:  

Әр үлкен өзен кішкентай бұлақтан басталады. Кейін ол сағаланып кете береді. Сондықтан біз мына үлкен өзеннің сағалары туралы да бағдарлама жасауымыз қажет. Олардың арналарын тазалау, бұлақтарының көзін ашу үшін қаражат бөлу керекпіз.

Форум барысында депутаттар жастардың дәстүрлі «Жайық» экспедициясының тұсауын кесті. Бұл - өзенге қатысты өзекті мәселені шешудегі ұрпақтар сабақтастығының көрінісі. Ал, халықаралық «Жайық-Орал» тарихи-мәдени экспедициясы шілденің 22-сі күні Орынбор облысының Орск қаласынан бастау алады.

Рауан ДИӘЛИ

 

Хабарламаларға жазылу