үлзипа Маханова: Әкемнің намаз оқып отырып менің жазылып кетуімді сұрағаны есімнен кетпейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

үлзипа Маханова: Әкемнің намаз оқып отырып менің жазылып кетуімді сұрағаны есімнен кетпейді

09.04.2018

Әйелдің қырық жаны бар. Әйелдердің сырты нәзік болғанымен, алынбайтын ішкі қамалы бар. Кез келген әйел қиындыққа мойымай шыдай алады.

«Мақпалдың мекені» айдарының бүгінгі кейіпкері қатерлі ісік ауруына шалдығып, бірақ оған жеңілмеген Гүлзипа Маханова.

«Балам 6 айға толғанда жұмысқа шығып кеттім. Басында басым ауырып жүрді. Шаршап жүрмін деп, мән бермедім. Бір күні әкем «дәрігерге барайық» деп айтты. Дәрігерлерге келіп, зерттеу жасаттық. Дәрігерлер басымда ісік барын айтты. Ол терең орналасқан екен.

Емделдім, ота жасаттым. Ата-анам, бауырым қасымда болды. Олар менімен бірге қосылып қиналды. Ағайын туыстарым да жалғыз тастамады. Маған демеу болған жандардың бәріне рахмет айтамын.

Ота жасатар алдында Құдайдан бір мүмкіндік сұрадым. Екі баламның далада қалғанын қаламадым. Шын жүректен беріліп, сұрадым. Әкемнің намаз оқып отырып менің жазылып кетуімді сұрағаны есімнен кетпейді.

Аурумен күресу керек. Сену керек. Үмітті үзбеу керек. Жаны ашығанымен, ешкім жанын ауыстырып бере алмайды. Ауруды естігенде санаулы өмірімнің қалғанын түсіндім. Көп ой болды. Әр адам әртүрлі. Кейбірі ауруға беріліп кетеді. Мен күрестім. Қасымда қанша адам қолдау көрсеткенде мен қалай берілемін?

Одан кейін сүйікті ісің болуы керек. Ол қуат береді. Қанша ауырсам да, тігіс тіккенді тоқтатпадым. Әр тіккен дүнием мені қуантады. Өз ісімнен ләззат аламын», - дейді Гүлзипа Маханова.

 

Толық нұсқа

Хабарламаларға жазылу