Елімізде май алынатын өсімдіктер алқабы 60 мың гектарға ұлғайтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде май алынатын өсімдіктер алқабы 60 мың гектарға ұлғайтылды

24.01.2018

Майлы дақылдарға сұраныс көп сол себепті биыл май алынатын өсімдіктер алқабы елімізде 60 мың гектарға ұлғайтылған. Барлығы 1 млн. 700 мың жерден күнбағыс, мақсары, зығыр секілді майлы дақылдар жиналған.  

«Кәсіп пен нәсіп» хабарының кезекті шығарылымы «Әлем бойынша өсімдік майына сұраныс артып келеді», «Жамбыл облысындағы май зауыты табиғи таза өнім өндіреді», «Қазақстанда майлы дақыл егілетін алқап көлемі ұлғайды» секілді тақырыптарға арналды.

Бұдан бөлек, жайылым жерді суландыру, Польша-Қазақстан бірлескен компаниясының Жамбыл облысында алма өсіруі және де Ауыл шаруашылығы министрлігінің жайылымдық жердің геоботаникалық картасын әзірлеу бойынша жобаны қолға алғандығы жайлы айтылды.

Нақтырақ айтар болсақ, келешекте Қазақстанда жайылым жерді суландыру үшін 3500 құдық қазылмақ және ол үшін Үкімет 22 млрд. теңге бөледі. Соның нәтижесінде, елімізде суландырылған жайылымның аумағын 60 млн. гектарға жеткізу көзделген. Ал, Жамбыл облысындағы алма бағы аталған аймақтың Рысқұлов ауданында орналасып, 1000 гектар аумақты алмақ. Аталған бақтан жиналған өнім алдағы уақытта Қазақстан мен Ресей нарығында шығарылады. Өз кезегінде жайылымдық жердің электронды картасын жасау арқылы жер мен жайылымның сапасы, жер учаскелерінің кадастрлық бағасын анықтауға мүмкіндік беретін алқаптың өнімділігі көрсетілмек.

 

Хабарламаларға жазылу