«Таңшолпан». Ақын Бейбіт Құсанбектің туғанына – 55 жыл (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпан». Ақын Бейбіт Құсанбектің туғанына – 55 жыл (ВИДЕО)

06.10.2017

Елге кеңінен танылған, белгілі ақын Бейбіт Құсанбек қамшының сабындай қысқа ғұмырында даралығымен танылды. Ақындығынан бөлек ол телеэкран арқылы көпшілікке таныс. Биыл оның туғанына - 55 жыл.  Ал, күні кеше ақынның «Өмір – өзен» атты жинағы жарық көрді.

Ол журналистика дейтін қарусыз майданның алдыңғы шебіндегі сардары болды. Ол қазақ телевизиясының тарихында ең көп бағдарламаны жарыққа шығарған журналист. Сол хабарлардың көпшілігін өзі жүргізді. Біз бітімі бөлек Бейбіт Құсанбектің бейнесін теледидар арқылы таныдық. Оның әр хабары қазақылықтың, шынайылықтың лебі еді. Қоғамдағы өзекті мәселелерді дөп басатын, соның түйінін тарқатуға тырысатын.  

Әр жылдары Бейбіт Құсанбектің «Құрдастар», «Нысана», «Ойталас», «Бір сәт» және «Бүкіл ғұмыр» «Тіл», «Ел ағалары» сынды хабарлары көрерменге жол тартты. Ал, «Өмір – өзен» талантты журналистің бірегей жобаларының бірі еді.

1995-1998 жылдары аралығында 100-ге тарта хабар түсірілді. Ол өмірдің өзін өзенге балап, әр кейіпкердің жағалауға қалай көз тастайтынын аңдайтын, болмысына тереңдей бойлайтын.

Қаламгер көзі тірісінде «Өмір – өзен» хабарын кітап етіп шығармақшы болған екен. Десе де, аяқсыз қалған еңбекті жары Ғазиза Исахан жинап, құрастырып шығарды. Бір бойына сан өнерді жиған, ғибратты ғұмыр иесінің  өмірден озғанына 10 жыл өтсе де, экрандағы жарқын бейнесі ел есінде, жұрт жадында.  

Хабарламаларға жазылу