Бахтияр Артаев: Елге оралған соң «Англияда қалу туралы ой болған жоқ па?» деп сұраушылар болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бахтияр Артаев: Елге оралған соң «Англияда қалу туралы ой болған жоқ па?» деп сұраушылар болды

28.05.2017

Олимпиада чемпионы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Бахтияр Артаев «Бүгін жексенбі» студиясында қонақта

Спортшы кешегі өткен Қанат Ислам, Жанқош Тұраров, Фируза Шарипованың кездесулеріне, сонымен қатар, қыркүйек айында елордада өтетін Геннадий Головкин мен Сауль Альварестің жекпе-жегіне қатысты ой-пікірін білдірді.

 

Ал, Бахтияр Артаевтың өзі қазір немен айналысуда? Спорттық мансабынан біржола қол үзді ме?  Бұл сауалдарға қатысты спортшы «Англияда бизнес-менеджмент саласы бойынша 1,5 жыл оқып келдім. Елге оралғаныма 5 ай болды. Қазір «Тарлан батырлар» ЖШС басшысы қызметіндемін. Ол мекеменің басты мақсаты – спорттың бес түрі бойынша еліміздің әр өңірінен кешендер ашу, яғни, резерв дайындау. Сол спорттық кешендерден Олимпиада чемпиондары шығып жатса,  жетістігім сол болар еді. Қазақстанға оралған соң «Англияда қалу туралы ой болған жоқ па?», деп сұрағандар болды. Өз елім, өз жерімдегі спорттың дамуына үлес қоссам, маған сол қуаныш, туған елге оралғанша асықтым», - деген жауабын білдірді.  

 

Естеріңізге саламыз, кеше жерлесіміз Қанат Ислам мексикалық Норберто Гонсалеске қарсы кездесуде жеңіске жетті. Бұл – спортшының кәсіби рингтегі 24-ші кездесуі. Осы кеште кәсіпқой боксшы Жанқош Тұраров та мексикалық Густаво Гарибайды нокаутқа түсіріп, кәсіпқой рингтегі 21-ші жеңісіне қол жеткізді.

22 жастағы отандасымыз Фируза Шарипова ресейлік Ольга Забавинамен кездесіп, техникалық нокаутпен басым түсті. Қазақстандық тағы бір боксшы Виктор Коточигов ресейлік Максим Услитый-Рыбченконы техникалық нокаутпен тізе бүктіріп, кәсіби мансабындағы үшінші жеңісін атап өтті. 

 

Хабарламаларға жазылу