Еліміздегі балалар үйі жабыла ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еліміздегі балалар үйі жабыла ма?

13.05.2017

Ата-анасыз қалғандар қашан да мемлекеттің жіті назарында. Алайда, халық қалаулылары балалар үйін жабуды ұсынып, арнайы заң жобасын әзірлеген-ді. Мейірімге мұқтаждардың мекенін жоюға бірнеше себеп бар.

 

«Зерттеулерге сүйенсек, балалар үйінен шыққандардың 30 пайызы ғана өмірден оз орнын табады. Сонымен қатар, олар құқықбұзушылыққа жиі барады. Соңғы 7 жыл ішінде балалар үйінен тәрбиеленіп шыққан 14 мың жастың 823-і ғана пәтерге ие болған. Демек, балалар үйі жүйесі өзінің тиімділігін көрсетіп отырған жоқ», - дейді Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

 

Қазір еліміздегі 28 419  жетім баланың 7 мыңнан астамы балалар үйінде тәрбиеленуде. Бір баланың ас-суына, киім-кешегі мен тәрбие жұмысына жылына 1,7 миллион теңге жұмсалады.

 

Ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың ең көбі - Қарағанды облысында – 1200 бала. Шығыс Қазақстан облысында - 947, Қостанай облысында 900-ден астам, Қызылорда облысында 42 жетім бала бар.

 

Ал, республика бойынша балалар үйінің саны -  140. Келер жылдан бастап, мұндай үйлер Қиын жағдайда қалған отбасылар мен балаларды қолдау орталықтарына айналады.

 

 «Қазір жобаны заңды түрде бекіту бойынша жұмыс атқарылып жатыр», - дейді ҚР БҒМ Балалар құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Ержан Ерсаинов.

 

Жетімдер мен асыранды балалар жайын қозғаған «Мәселе» бағдарламасының толық нұсқасы

 

Хабарламаларға жазылу