Бүгін ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 25 жыл толып отыр. Ширек ғасырда Қазақстанның Қарулы Күштері қалыптасып, қуатты қорғаныс шебіне айналды. «1 Студия» саяси ток-шоуы бүгін осы тақырыпты қаузады.
Студия қонақтары – ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, генерал-лейтенант Болат Жанасаев, Қазақстанның Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштері қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Қайрат Садықов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анар Жайылғанова.
Генерал-лейтенант Болат Жанасаев қазақстандықтарды мерекемен құттықтай келе, Қарулы Күштеріміз қаншалықты қуатты деген сауалға жауап берді.
«Жиырма бес жылда Қарулы Күштеріміз жоғары дәрежеге жетті. Жыл сайын 7 мамырда әскери шеру өтеді. Сол шеруге қатысатын түрлі техника жыл сайын өзгеріп, жаңаша дамып жатқанын байқаған боларсыздар. Оның үстіне, түрлі жаттығу жұмыстары да әскеріміздің дамуына бірден-бір себепші. Сондықтан, қазіргі таңда айбынды әскер жасақталғанын толық сеніммен айтуға болады»,-дейді ол.
Ал, Әуе қорғанысы күштері қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Қайрат Садықов осы әскери салада қызмет еткен 25 жыл ішінде кадрлар мәселесі күрделі болғанын жеткізді.
«Біріншіден, кадр мәселесі күрделі болды. Қазақ офицерлері аз, өзге елдің офицерлері жан-жаққа тарап кетті, техникаға қарайтын адам болмады. Сол кезде Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов жедел әрекет етіп, үш, алты айлық курстар ашып, оқытты. Сол түлектер бүгінде полковник шеніне жетіп қалды.
Ол кезде қарапайым әскери жаттығу өткізе алмайтын едік. Сондағы біздің негізгі міндетіміз – адамдар мен техниканы сақтау болды. Қандай тоқырау жылдары болса да, Елбасы бізді назардан тыс қалдырған емес»,-дейді.