«Тәй-тәй шоудың» екінші кезеңінде 4 балақай қатысты. Ойынның шарты бойынша қатысушылар көлікті итеріп, шытырманның жиектеріне соғылмай, кедергілерден уақытылы өту керек. Сол кезде бала әкесін судан құтқарады.
Балақай жеңілсе, қауіпті аймақта атасының, әкесінің немесе ағасының үстіне мұздай су құйылады.
Екінші кезеңді 1 жас 8 ай толған Еркенұр Бейбіт бастады. Анасы оны шақырып, көмектескенімен ол шытырманның жиегіне тиіп ойынның шартын 5 рет бұзды. Еркенұр шытырманның жиегіне шыққан сайын қауіпті аймақта отырған ағасының үстіне мұздай су құйылды. Орта жолда ол есін жиып алға қарай жүргенімен, уақыт бітіп қалды.
Келесі қатысушы Кәусар Ерлан ойынды бірден бастап кетуі қиынға соқты. Ол өте асықпай жүріп айналасындағы ойыншықтарды қызықтады. Кәусар ойынның шартын бірнеше рет бұзды. Өкінішке қарай, ол мәреге уақытылы жете алмады.
Ал, Раяна Асқар жарыс жолына шыққан кезден бастап жылап алды. Бірақ, бірден жүгіріп кетті. Ол шытырман жиегіне соғылғай сайын қауіпті аймақта отырған әкесіне су құйылды. Раяна өте шапшаң қимылдап жүргенімен, орта жолда қатты жылап, жарысты тоқтатуына тура келді.
Ал, соңғы ойыншы Арсен Әбілқасымов жарысты асықпай баппен бастағанымен, анасы шақырған сайын артынан еріп, мәреге жетті. Осылайша, ол екінші кезеңнің жеңімпазы атанып, ата-анасын қуантты.