Ұлттық арнада «Тәй-тәй шоу» жобасы бастау алды (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнада «Тәй-тәй шоу» жобасы бастау алды (ВИДЕО)

01.04.2017

Бүгін «Қазақстан» Ұлттық арнасында сәбилер сайысатын «Тәй-тәй шоу» жобасы бастау алды. Жобаның алғашқы кезеңінде небәрі 2 минут үшінде балалар ешбір кедергіге қарамай аналарына жетуі тиіс.

Алғашқы қатысушы – Сұлтан Садықжан жарысты асықпай бастады. Жантайды, жастықтардың қатты-жұмсақтығын  тексерді, қоянмен «тілдесті», жолында жатқан ойыншықтың «дәмін көрді», тек содан кейін ғана анасына асықты. Алайда, уақыт жетпей қалды.

Дүниеге келгеніне 464 күн болған Ілияс Базарбек болса, еңбектемей-ақ, орнынан атып тұрып, анасына қарай жүгірді. Бірақ, ол да қоянның жанына келгенде кілт тоқтап, билей бастады. Одан соң, күшікпен амандасты, ойыншықтарға қызықты. Ілияс қызыққа батып жүргенде, уақыт басып озды.

Үшінші қатысушы Әдемі Мықтыбек еңбектеуге де, жарысуға да асықпады. Оған жылтыраған ойыншықтар, анасының шақыруы маңызды болмаған сияқты.

Альбина Сейдікенова анасын көрген бетте еңбектеп бастап еді, қуыршақ қоян оның да көңілін аулады.

Осылайша, бірінші кезеңде ешкім жеңіске жете алмады.

Еске сала кетейік, «Тәй-тәй шоу» жобасын Ұлттық арнадан  әр сенбі сағат 12:00-де тамашалай аласыздар.

Хабарламаларға жазылу