26 қаңтар - Халықаралық кеденшілер күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

26 қаңтар - Халықаралық кеденшілер күні

26.01.2017
26 қаңтар - Халықаралық кеденшілер күні

Халықаралық кеденшілер күні. 1983 жылдан бастап атап өтіледі. Бұл мерекені бүкіл әлемде 800 мың адам тойлайды. 1950 жылы 15 желтоқсанда Кедендік ынтымақтастық кеңесін құру туралы конвенцияның негізінде Бүкіләлемдік кеден ұйымы (WCO) құрылды. Бүгінде ұйымға 162 мемлекет мүше.

36 жыл бұрын (1981) Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының жаңа ғимаратының ашылу салтанаты өтті. Сәулетшілері - О.Баймырзаев, А.Қайнарбаев, М.Жақсылықов (жоба авторлары 1982 жылы Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығына ие болды).

21 жыл бұрын (1996) Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру туралы ресми өтініш жасады. Осы жылдың ақпан айында Қазақстан ДСҰ-ның қадағалау-елі деген мәртебесіне ие болды.

11 жыл бұрын (2006) Қазақстанда Еуразиялық мәдениет қорының бастамасымен «Ұлт байлығы» атты сыйлық бекітілді. Бұл сыйлық әлемде және өз еліміздегі қызметтері көпшілікке танылған Қазақстан азаматтарына экономика, ғылым және мәдениет салаларының дамуына қосқан зор үлестері үшін беріледі. Сыйлықты беру туралы шешім Еуразиялық мәдениет қорының кеңесінде қабылданады. Алдын ала талдау жұмыстарын өткізу үшін сарапшы комиссиясы құрылады. Сыйлық жыл сайын беріледі.

69 жыл бұрын (1948) Қазақстан фантаст-жазушылары қауымдастығының президенті, аудармашы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты Нарбин КЕНЖЕҒҰЛОВА дүниеге келді.

55 жыл бұрын (1962) ҚР Ұлттық мұражайының директоры Дархан МЫҢБАЙ дүниеге келді.

 

Хабарламаларға жазылу