Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарамасы ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін ашық конкурс өткізеді.
Байқау мақсаты - «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша экономиканың басым секторлары шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін нысаналы гранттар беру.
Конкурс «Бизнес-кеңесші»/«Бизнес-кеңесші-1» және «Жас кәсіпкер мектебі» жобалары бойынша өтеді. Оған өз ісін ашуға ниетті жеке кәсіпкерлік субъектілері, жас кәсіпкерлер, әйелдер, мүмкіндігі шектеулі жандар және 50 жастан асқан адамдар қатыса алады.
Бизнес-жобаның міндетті шарты: кәсіпкердің ұсынылып отырған гранттың көлемінен кемінде 10 пайыз мөлшерінде оны іске асыру шығындарын бірге қаржыландыруы болып табылады.
Конкурстық құжаттаманы ұсыну жұмыс күндерi сағат 10.00-ден бастап сағат 17.00-ге дейiн жүргізіледі.
Өтінімдер 15 қарашаға дейін қабылданады. Көрсетiлген мерзiм аяқталғаннан кейiн келiп түскен өтiнiмдер қабылдауға жатпайды, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.