Биылғы күз түскендей алғашқы рет,
Жек көріп жүр біреулер «албасты» деп.
Жазғы дәурен бүгінде көшті бастан,
Бір-бірімен маусымдар алмасты кеп.
Күзге балап перінің керім қызын,
Тарқатамын ымыртта шерімді ұзын.
Соңы қысқа ұласып жатса жатсын,
Мына келген тек қана менің күзім!..
Тоңдырса да суық түн, ызғырық күн,
Көктемді емес, кәдімгі күзді күттім.
Күз жақсы ғой өмірмен қоштасуға,
Салқын соққан жүректі мұз қылыппын.
Биылғы күз түскендей ақырғы рет,
Жек көрмей жүр біреулер ақылды боп.
Өткен-кеткен бейуақыт еске түсіп,
Неге қинай береді-ай ақынды көп?..