«Таңғы жыр». Есенғали Раушанов. «Жаз» - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңғы жыр». Есенғали Раушанов. «Жаз»

12.05.2016
  «Таңғы жыр».  Есенғали Раушанов. «Жаз»

Жаз, сағынғаныңды жаз, сабырың сарқып,

Біз күткен шақты жаз маған.

Алау еріннің жалыны шарпып,

Үздіккен шақты жаз маған.

 

Жаз, торыққаныңды, қорыққаныңды,

Жалғыз қап шулы қалада,

Бекер-ақ қайта жолыққанымды,

Талай жыл салып араға.

 

Жаз, жалт етіп тағы жоқ болғанымды,

Бейуақ көрген түсіңдей.

Жаз, кетпеші деуге оқталғаныңды,

Түсініп тұрып түсінбей.

 

Егілсең, егіл теңселе барып,

Еңлігің менмін құлаған.

Жылаған да жөн, болса егер анық,

Жасыңды сүртер бір адам.

 

Көңілді бойлап хаттар аққанда,

Қою түндерге үңілем.

Жауап жазайын ақ парақтарға

Қара көзімнің нұрымен.

 

О, бәлкім, ұзақ келмейді хатым,

Оралам бірақ, сене гөр.

Жолаушы шығып өлмейді ақын,

Жоқ қарап жүріп өледі ол.

Хабарламаларға жазылу