Астанада ұлттық спорт түрлерінен «Астана жұлдызы» республикалық турнирі өтеді. Қыркүйек айының 8-10 күндері «Қазанат» атшабарында өтетін дода ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып отыр.
Жарысқа Астана, Алматы қалалары мен барлық 14 облыс командалары қатысады. Еліміздің таңдаулы 16 командасы үш қатар ор қоянды қыр асырмай ұстайтын жүйрік тазылар фестивалі де болады. Жарыс туралы толығырақ ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының бірінші вице-президенті Ерлен Оспанов «Таңшолпанда» айтып береді.
Астана қаласында ерекше бағдаршам орнатылды. Жол қозғалысын реттеудің мұндай әдісі Қазақстанда бұрын-соңды болмаған, ал Францияда кеңінен қолданылады. Ашып айтқанда, «+» символы бар бағдаршамның мақсаты қандай?
Бұл туралы Астана қаласы ІІД Әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің бастығы Нұржан Әділов ертең таңғы бағдарламада айтып бермек.
Алдағы бір аптада қандай ауа райы күтілуде? Ауа температурасы қандай болмақ? Ертең «Қазгидромет» орталығының қысқа мерзімді болжау бөлімінің жетекші инженер-синоптигі Жұлдыз Асабековадан біле аласыздар.
Өрт шыққанда жасалатын алғашқы көмек туралы не білесіз? Құлаққаптың зияны мен пайдасы қандай? Үйде ақша кімнің қолында болуы керек?
Осы және өзге де қызықты сюжеттер туралы толығырақ ертең сағат 07:00-10:00 аралығында «Таңшолпан» бағдарламасынан біле аласыздар.