Мұнайлы ауданының бір мүжәлсіз отбасының тағдыры телеарна арқылы өз шешімін табуда. Арнамыздағы «Ашығын айтайық» әлеуметтік ток-шоуына кейіпкер болған Жанар Сатыбекованың үйі қызу қарқынмен салынып жатыр.
Естеріңізге сала кетсек, Жанар Сатыбекова- Маңғыстау облысының тумасы. Әкесі ішімдікке салынғандықтан, бақытты балалық шақ есінде жоқ. 15 жасында тұрмысқа шығып, қазір 4 баланың анасы болып отыр.Күйеуі тағдыр қыспағына төзе алмай, өзінің жан-жарын 4 бірдей баламен тастап кеткен. Жалғыз басты ана алимент те ала алмай, 40 мың теңгеге жалдап отырған үйдің ақшасын төлеуге де қабілетсіз болып, телеарнаға көмек сұрап келген. «Ашығын айтайық» ток-шоуына қатысқаннан кейін, халық көмегін аямады. Студияда өлкемізге танымал құрылысшы Самат Мұсабаев пен Сұңғат Мұңалбаевтың өкілі жер телімі болса, үй салып беруге әзір екендіктерін жеткізді. Жер телімі мәселесі де көп ұзамай өз шешімін тапты. Облыстық маслихат депутаты Аббат Урисбаев көп балалы, жалғыз басты анаға Мұнайлы ауданындағы Батыр елді мекенінен жер телімінің құжаттарын ұсынды.