Астанадағы «Барыс Арена» спорт кешенінде қыздар арасындағы бокстан Әлем чемпионатының финалы кезінде 48 келі салмақтағы қазақстандық боксшы Назым Қызайбай қытайлық боксшы қыз Янь Вангті ұтып, бокстан екі дүркін Әлем чемпионы атанды.
Жеңістен кейінгі әсерімен бөліскен Назым: «Барынша жоғары нәтиже көрсеткім келді. Мұның алдында да Әлем чемпионы атағын алдым, алайда, дәл сол жеңісті екінші рет қайталау, оның үстіне өз еліңде қорғау – үлкен абырой. Қытайлық қарсыласым өте мықты болды, бірақ мен оны жан-жақты зерттедім. Жұдырықтасу қиын болғанымен, дер кезінде өзімді қолға алдым»,-дейді.
«Қосымша күш берген – жанкүйерлерім. Келешекте де халқыма жеңіс сыйлағым келеді»,-деп жанкүйерлеріне алғыс білдірген Назым Қызайбай жарыстың ұйымдастырылуы жөніндегі пікірімен де бөлісті.
«Менің ойымша, біздің елде өткен әйелдер арасындағы бокс чемпионаты ең үздік. Еліміз осындай кең көлемдегі чемпионаттарды өткізе алатынын тағы бір дәлелдеді. Турнирде әрбір деталь жан-жақты ойластырылған. Жарыс қонақтары да турнирдің ұйымдастырылу жағына көңілдері толып қайтты деген ойдамын»,-дейді ол.
ҚазАқпарат