1999-2015 жылдары Қазақстанда жұмыссыздық көрсеткіші 2,7 есеге төмендеп, 5%-ды құрады (1999 - 13,5%), жұмыссыз адамдардың саны 1999 жылғы 950 мың адамнан 2015 жылы 451,1 мың адамға азайды, деп хабарлайды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Жұмыссыздық деңгейінің көрсеткіші - экономикалық белсенді тұрғындардың жұмыссыздарға шаққандағы қатынасы.
Еске сала кетсек, Мемлекет басшысының 2015 жылғы 30 қарашадағы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы жұмыссыздыққа жол бермеу бойынша берілген тапсырмасын орындау мақсатында ҚР ДСӘДМ тұрақты түрде жұмыс орындарын сақтау мен азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша белсенді шаралар жүргізіп келеді.
2015 жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру шаралары аясында 156 мың адам жұмысқа орналастырылып, оның ішінде 142,3 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
ҚазАқпарат