Қазақстандық боксшы Назым Қызайбай Астанада өтіп жатқан әйелдер арасындағы бокстан Әлем чемпионатының жартылай финалына шықты.
Қазақстандық қыздар арасынан шыққан бірінші Әлем чемпионы Назым 48 келі салмақта үндістандық Саржубалы Шамжетсабамнан 3:0 есебімен басым түсті. Осылайша ол ширек финалға жолдама алған 8 қазақстандық боксшының ішінен бірінші болып аталмыш Әлем біріншілігінің жартылай финалына шықты.
Сондай-ақ, бүгін Айжан Қожабекова (57 кг), Зарина Цолоева (64 кг), Валентина Хальзова (69 кг), Ләззат Күңгейбаева (81 келіден жоғары), Дина Жоламан (54 кг), кешкі сессияда - Виолетта Князева (75 кг), Жайна Шекербекова (51 кг) рингке шығады.
Еске сала кетейік, Әлем чемпионаты елордадағы «Барыс-Арена» спорт кешенінде өтіп жатыр. Оған әлемнің 67 елінен 285 былғары қолғап шебері келген еді. 19 мамырдан бері күн сайын екі сессия өтіп келеді. Бірінші сессия 14.00-де, екіншісі 19.00-де басталады. Жартылай финал өтетін күні (26 мамыр) және финалдық жекпе-жектер өтетін күні (27 мамыр) сессия 15:00-де басталады.
Бұл турнир біліктілік турнирі екендігін атап өткен жөн. Онда 51, 60, 75 келіге дейінгі салмақтарда барлығы 12 Олимпиада жолдамасы сарапқа салынады. Әр салмақ категориясына 4 жолдамадан бөлінген.
Жарысты «Кazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетуде.