Италия компаниялары Қазақстанда әріптес іздеуде - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Италия компаниялары Қазақстанда әріптес іздеуде

23.05.2016
Италия компаниялары Қазақстанда әріптес іздеуде

Италияның азық-түлік, сусындар, аэроғарыш және автомобиль, энергетика, аяқ киім мен аксессуарлар және өзге де саларында тауар шығаратын 12 компаниясы Астанаға келді. Олар елімізге импорттаушылар, дистрибютерлер мен өкілдер іздеп ат басын бұрып отыр. Бұл туралы ҚР-дағы Италия елшісі Стефано Раваньян мәлім етті.

«Мен «ЭКСПО-2017» көрмесі кезінде италиялық павильон - ең ірі павильондардың бірі болатынына сенемін. Біздің павильонның мазмұны кең әрі түрлі салаларды қамтитындығына үміттімін. «Болашақ энергиясы» атты тақырыппен өтетін Астанадағы халықаралық көрмеге шетелден 1 миллионнан астам мейман келеді деп күтілуде. Бұл - көптеген кәсіпорындар үшін нарыққа шығып, өздерін көрсетудің жақсы мүмкіндігі», - деп атап өтті ол бүгін Астанада италиялық импорттаушылардың конференциясында. 

«ЭКСПО» көрмесі біздің әріптестігімізді тереңдете түсудің даңғыл жолы болмақ. Италиялық компаниялар үшін «ЭКСПО» үлкен мүмкіндіктер береді. Лацио - біздің елдің ең көне өңірі, дегенмен оның қазіргі жаңашылдығы да көз тартады. Біз «ЭКСПО Милан» көрмесін ұйымдастырғанбыз. Енді сол тәжірибемізді Қазақстанмен бөлісуге дайынбыз», - деді Лацио өңірінің Бірлескен сауда палатасының президенті Марчелло Пильячелли. 

Кездесуден соң, Фрозиноне қаласының Сауда палатасы мен «Kaznex Invest» АҚ арасында халықаралық әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.

Ертең, 24 мамырда италиялық компания басшыларынан жасақталған делегация «Астана» арнайы экономикалық аймағына барады. Онда олар ҚР-ның инвестициялық жеңілдіктерімен, өндірістік үдерістердің ерекшеліктерімен танысады. 

Хабарламаларға жазылу