С.Қуанышев: Жерді сақтау, оны қорғау – әр қазақтың міндеті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

С.Қуанышев: Жерді сақтау, оны қорғау – әр қазақтың міндеті

08.05.2016
С.Қуанышев: Жерді сақтау, оны қорғау – әр қазақтың міндеті

Уәкілетті органдардың заңды дұрыс түсіндірмеуі салдарынан, жерге қатысты заң басқаша сипат алып, халық бейбіт митингі арқылы алаңдаушылығын білдірді. Алайда, халық пікірін тыңдаған Елбасы өте орынды шешім қабылдады. Бұл туралы Атырау облыстық мәслихатының депутаты, «Іскер» компаниясының мемлекеттік органдармен жұмыс жөніндегі директоры Сайын Қуанышев BNews.kz тілшісіне берген сұхбатында айтты.

«ҚР Жер туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар Елбасының 5 институционалдық реформасы негізінде енгізілді. Бұл орынды. Негізінде ата-бабамыз жерді бізге пайдалансын деп қалдырды. Жер ананың сүтін емсін, өңін алсын деді. Алайда, қазір кең байтақ жерге егін егіп, мал өсіріп отырған шаруалар аз. Мұны көпшілігі түсіне бермейді», - дейді Сайын Қуанышев.  

«Атыраудағы бейбіт митингіге шыққандардың арасында біздің мекемеге қарасты мердігер компаниялардың қызметкерлері болды. Олардың көпшілігі заңдағы өзгерістер туралы дұрыс ақпараттандырылмаған. Көпшілікті алаңдатқан заңға мораторий жариялауы Елбасының кемеңгер басшы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді», - деп түйіндеді депутат.

Оның пікірінше, жерді сақтау, оны қорғау – әр қазақтың міндеті. Дегенмен ата-бабамыздың жерін жалға бермейміз деп даурығу дұрыс емес. Өйткені, аталарымыз сол жерге сыйғанынша мал бағып, егін салып, көл-көсір пайдасын көрді. Яғни, жер бабаларымыздың игілігі үшін жұмыс істеді.

«Ал қазір қалай? Қаншама жер пайдаланылмай жатыр. Бос жердің тозатыны тағы бар. Сондықтан заңдағы өзгерісті әлі де халыққа жіті түсіндіру керек», - деп ойын түйіндеді халық қалаулысы.  

Хабарламаларға жазылу