Егемендік декларациясы – тәуелсіздікке бастаған тарихи құжат
25 қазан Республика күні болып кездейсоқ таңдалған жоқ. 1990 жылы дәл осы күні «Мемлекеттік егемендік туралы декларация» қабылданды. Тарихшылардың пікірінше, бұл құжат Қазақстанның тәуелсіздікке бастар жолындағы алғашқы және ең маңызды құқықтық қадамы болды.
Депутаттардың дауыс беруі кезінде 261 адам қолдап, барлығы 360 депутаттың 80-ге жуығы сессияға қатыспаған. Декларация қабылданған сәтте залда ерекше толқу мен қуаныш сезімі қатар болды, дейді тарихи сәтке куә болғандар.
Марат Тоқашбаев, Қазақстанның құрметті жазушысы:
Қазақстанның Тәуелсіздігіне қарай жасалған үлкен қадам ғой. Бұл – құқықтық қадам. Халықтың ерік-жігерін білдіретін ең басты құжат болатын сол кезде. Қабылданған кезде сондай үлкен қуанышқа кенеліп, депутаттар бірін-бірі құшақтап, құттықтап жатты.
Құжатта Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының егемендігі жарияланып, елдің саяси және құқықтық негіздері айқындалды. Егемен мемлекеттіліктің басты қағидаттары ретінде – Қазақстанның жеке территориясы, азаматтығы, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі мен мемлекеттік рәміздері бекітілді.
Төлен Жеңісбек, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА орталық басшысы:
Декларация – Қазақстанның халықаралық қауымдастыққа танылуының, мойындалуының бірден-бір негізгі кепілі. Сондықтан Декларацияны біз Республика күні деп тойлаудағы, атап өтудегі маңызы Қазақстанның халықаралық қауымдастыққа егемен ел ретінде танылуының негізгі көрсеткіші деп айтуға болады.
Осылайша 1990 жылғы Декларация Қазақстанның дербес ел болып қалыптасуына жол ашқан тарихи құжат. Бүгінде Республика күні – ел тарихындағы тағылымы терең мереке. Ол ұлттың азаттығын, мемлекеттіліктің бастауы мен ел бірлігінің нышанын айқындайды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
