Бұл Қанат бауырымыздың осы жылдағы алғашқы айқасы. Ол өткен жылы 7 қарашада Майамиде доминикандық Джонатан Батистаны бірінші раундта нокаутпен жеңіп, кәсіпқой рингтегі 20-шы жеңісіне қол жеткізген болатын. Міне, содан бері Алаш ұландары Қанат бауырының айқасын сағынып жүргені айтпасақ та түсінікті. Осы екі аралықта отандасымыз бір емес, бірнеше кездесу өткізуді жоспарлаған болатын.
Алайда, белгісіз себептерге байланысты өтпей қалғанын да бокссүйер қауым жақсы біледі. Қазір Қанат Ислам 9 мамыр күні өтетін жекпе-жегіне тас-түйін дайын. Бұл күні елімізде Жеңіс күнін атап өтетін айтулы мереке екені белгілі. Осы Жеңіс күніне тұспа-тұс келіп отырған бокс кешінде отандасымыздың да кезекті жеңісіне қол жеткізуіне Алла нәсіп еткей, деп тілейміз.
Жарыс болған жерде біреу ұтып, біреу ұтылатыны заңдылық. Сол үшін бүгін Қанат бауырымыздың қарсыласы кім, ол қаншалықты мықты? Осы жайында оқырмандарымызға қысқаша ақпарат беруді жөн санап отырмыз. Жерлесіміздің қарсыласы орта салмақта (69 келі) өнер көрсетіп жүрген колумбиялық боксшы - Хуан де Анxель. Ол осы уақытқа дейін 22 кездесу өткізген. Соның 17-ін нокаутпен ұтып, біреуінде қарсыласымен тең дәрежеде өнер көрсетіпті. Ал, 3 кездесуінде қарсыласына есе жіберген. Биыл жасы 28-де. Лақап аты - Ла Аменаза (La Amenaza).
Хуан де Анxель осыған дейінгі барлық жеңіске жеткен жекпе-жектерін өз отанында өткізген. Тек бір рет Мексика елінде жұдырықтасып, онда жолы болмай қазіргі кәсіпқой бокс жолындағы алғашқы жеңілісіне ұшырады. Міне, 9 мамыр күні ол екінші рет өзге елде қазақтың қарадомалақ ұлы Қанат Исламмен жұдырықтаспақ.
Ал, Қанат Ислам осыған дейінгі кездесулерінің барлығын құрлықтың арғы бетінде өткізіп келеді. Қандасымыз әр айқасын өзге елде өткізсе де, әлі бірде-бір рет жеңілістің ащы дәмін татқан емес. Анxель тұңғыш рет сырт алаңда сүрінгенін айтып өттік. Бұл жолы ол Қанатқа қаншалықты қарсылық танытатынын алдағы санаулы күндерден кейін көретін боламыз.
Анxель үшін де 9 мамыр күні өтетін айқас биылғы маусымдағы алғашқы жекпе-жегі болмақ. Демек, екі боксшы да ұзақ демалыстан кейін рингке шыққалы отыр. Сондықтан да, екеуі де рингті сағынып қалғаны анық. Бокс біз ойлағаннан да тартысты өтуі бек мүмкін. Қос батырдың жекпе-жек кешін АҚШ-тың «Bounce» арнасы көрсететін болса, елімізде «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы тікелей эфирде көрсететін болады.
Қанат Ислам қазірге дейін кәсіби рингте 20 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетті, соның 17-ін нокаутпен аяқтады. Боксшы бірінші орта салмақта (69 келі) WBA Fedelatin және WBA FideCaribe нұсқалары бойынша Әлем чемпионы.
ҚазАқпарат