Қайрат Байбосыновтың «Сыр сандық» атты әндер жинағы антологиясының тұсаукесер кеші өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қайрат Байбосыновтың «Сыр сандық» атты әндер жинағы антологиясының тұсаукесер кеші өтті

21.04.2016
Қайрат Байбосыновтың «Сыр сандық» атты әндер жинағы антологиясының тұсаукесер кеші өтті

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Сыр сандық» антологиясына халық әндері мен халық композиторларының әндері және Қазақстан композиторларының шығармалары тұңғыш рет топтастырылып ұсынылып отыр. Мәтінімен бірге берілген ән ноталары домбыра аспабына лайықталып, бүгінгі кісіби оқыту талабына сай жазылған. Антологияға 508 ән енген. Авторлар әншілер репертуарына енген белгілі әндермен бірге бұрын орындалмаған әндер де қамтылған.

Жинақтың редакциялық алқасына Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры, ҚР Еңбек ері, профессор А.Мұсақожаева, академиктер – С.Қирабаев, Ө.Айтбаев, С.Қасқабасовтар және ҚР еңбек сіңірген қайраткері, композитор И.Жақановтар енген.

Антологияның тұсаукесерін мемлекет және қоғам қайраткері М.Жолдасбеков, профессор С.Негимов қиды. 

Тұсаукесер кеште – қазақ ән өнерінің классиктері, сал-серілер мұрасының маржандары орындалды. Ел ішінде сирек орындалатын әндер мен мұрағаттан табылған туындылар да осы кеште тұңғыш рет шырқалды.

Кеш көрермендері – «Дәстүрлі ән өнері» кафедрасының ұстаздары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Айтбек Нығызбаев, Клара Төленбаева және Республикалық конкурстардың лауреаты Толу Сембаев, Астана қаласы әкімдігінің  Мемлекеттік академиялық филармониясының әншілері, Республикалық конкурстың лауреаттары Т.Нұртай, Р.Бегасылов және кафедра студенттерінің өнерін тамашалады.

Хабарламаларға жазылу