«Биыл күннің тез жылынуынан Қазақстанның солтүстігі мен орталығында және шығысында, жалпы бес облыста көктемгі су тасқыны қаупі өте жоғары болды. Қазіргі кезге дейін 15 мың адам басқа жерлерге көшірілді. Шығын да жоқ емес.
Тұрғындардың мал-мүлкіне айтарлықтай шығын келген. Осы аймақтарға 5,5 мыңдай адам мен бір жарым мыңға жуық техника жұмылдырылып, тасқын су салдарын жою мақсатында қарқынды жұмыстар атқарылуда.
Адам шығыны жоқ. Апат салдарымен табандылықпен күресіп жатқан ТЖ қызметкерлеріне алғыс айтамын», - деді Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдеріне.
«Мен облыс әкімдерімен байланыстамын. Қарағанды облысына миллиард теңге бөлінді, су деңгейі де төмендеп келеді. Меніңше, бұл мәселені шешеміз, алаңдауға себеп жоқ. Барлық жағдай бақылауда, бар мүмкіндіктер пайдаланылуда»,-деді Елбасы.
«Бұл алғашқы жағдай емес. Наурыз айының соңында жарты метр қар түседі деп ешкім ойлаған жоқ. Екінші жағынан бұл алдағы егінге жақсы. Бірақ, қазір су елді мекендерді әбігерге салуда. Шығыс Қазақстан облысы, қазір Қарағанды облысы қиындық көріп отыр. Ақмола облысы, Павлодар облысының бірнеше елді мекендері сумен күресіп жатыр. Алайда, барлық аймақта табиғи апатпен күрес жүргізілуде, сондықтан алаңдауға себеп жоқ»,-деді Президент.