27 жыл бұрын Дуглас Энгельбарт компьютер тышқанын ойлап тапқаны үшін сыйақы алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

27 жыл бұрын Дуглас Энгельбарт компьютер тышқанын ойлап тапқаны үшін сыйақы алды

09.04.2016
27 жыл бұрын Дуглас Энгельбарт компьютер тышқанын ойлап тапқаны үшін сыйақы алды

Баршамызға таныс компьютер тышқанының идеясы мен концепциясын америкалық Дуглас Энгельбарт жасағанын білесіз бе? 1963 жылы Д.Энгельбарт зерттеу лабораториясын құрады. Онда бірнеше компьютерлік жобалар жасала бастайды. Оның ең атақтысы – NLS (oNLine System), яғни гипертекстті электронды мәліметтер базасы мен оған арнайы жасалған «тышқан».

Уақыт өткен сайын NLS-те жаңа мүмкіндіктер пайда бола бастады. Мысалы, онда компьютер тарихында алғаш рет қалқып шығатын терезеге (идея авторы Энгельбарт) негізделген графикалық интерфейс пайда болады. Осыған қоса, е-мейлер мен мәтін жазуға арналған әртүрлі опциялар да қосылады.

Осыдан кейін Дуглас Энгельбарт 1968 жылы 9-шы желтоқсанда Сан-Францискода өткен компьютерлік конференцияда NLS-тің соңғы үлгісін таныстырады. Бұл сол замандағы ең керемет жаңалық еді. Сол күнді компьютер тышқанының туған күні деп есептеуге болады.

Компьютермен бірге тышқаны болған ең алғашқы компьютер – 1981 жылы таныстырылған Xerox 8010 Star Information System. Xerox фирмасының тышқанында үш батырма болған. 1983 жылы Apple фирмасы өзінің Lisa компьютері үшін бір батырмалы тышқанын жасап шығарады. Жалпы компьютерлік тышқанның халық арасында танылуына Apple Macintosh компьютерлері мен IBM PC компютерінде пайдаланылған Windows операциялық жүйесі қатты әсер етті.

1989 жылдың 9-шы сәуірінде Д.Энгельбарт компьютер тышқанын ойлап тапқаны үшін бар жоғы 10 мың доллар сыйақы алады. Ол бұл ақшаны қала сыртындағы кішкентай үйінің алғашқы салымы ретінде төлейді.

1997 жылы Дуглас Энгельбарттың компьютерлік технологиялар дамуына қосқан үлесін жоғары бағалап, Лемельсон премиясымен  (500 мың доллар) марапаттайды. Осыдан кейін компьютерлік технологиялардың дамуына қосқан қомақты үлесі үшін беделді Тюринг премиясы беріледі.

Хабарламаларға жазылу