Елорданың С.Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан №1 емхана бұзылатын болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елорданың С.Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан №1 емхана бұзылатын болды

07.04.2016
Елорданың С.Сейфуллин көшесінің бойында орналасқан №1 емхана бұзылатын болды

Бұл туралы бүгін Астана қалалық əкімдікте мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларының таныстырылымына арналған дөңгелек үстел барысында «Astana Innovations» АҚ Мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту басқармасының басшысы Əлия Бикеева айтты.

Оның сөзінше, бұл емхана ескі  және оның техникалық паспорты қазіргі талаптарға сай келмейді. Сол себепті оны бұзып, орнына жаңа емхана салу туралы шешім қабылданған. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы əлеуетті инвестор іздеу үшін сəуір айында конкурс жарияламақ.

«Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі бойынша Астана қаласында үш дəрігерлік амбулатория мен бір емхананың құрылысы жүргізіледі. Жобаның мақсаты - халыққа сапалы медициналық-санитарлық көмек көрсету. Үш дəрігерлік амбулатория «Теміржол» тұрғын үй алқабының ауданындағы Көкжазық көшесінде, Мойылды-Наурыз көшелерінің қиылысындағы Көктал-2 тұрғын үй алқабында жəне Өндіріс тұрғын үй алқабының маңындағы Өндіріс тас жолының оңтүстік-шығысында орналасады. Ал, емхана Сейфуллин көшесінің бойындағы №1 емхананың орнына тұрғызылады", - деді Ə.Бикеева.

Айта кететін мәселе, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту мәселесіне арналған отырыста  «Astana» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ жалпы құны 4 млрд. 700 мың теңгені құрайтын 1200 орындық бес балабақшаның құрылысын әзірлеумен айналысып жатқандығы айтылды.

Аталған корпорация сонымен қатар, елордада Патологоанатомиялық бюро салмақ. Оның мақсаты - қазіргі заманғы жоғары білікті паталогоанатомиялық диагностика жүргізу.

Хабарламаларға жазылу