Халық қаһарманы Айдын Айымбетов Ақтөбеде космонавтика апталығын ашты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Халық қаһарманы Айдын Айымбетов Ақтөбеде космонавтика апталығын ашты

07.04.2016
Халық қаһарманы Айдын Айымбетов Ақтөбеде космонавтика апталығын ашты

Ақтөбеге екі күндік сапармен ҚР ғарышкер-ұшқышы, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов келді. Мақсат – Ақтөбеде адамның ғарышқа алғашқы ұшуының 55 жылдығына орайластырылған дәстүрлі космонавтика апталығын ашу.

Ол екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Т. Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының курсанттарымен және КСРО ғарышкер-ұшқышы, Кеңес Одағының Батыры Виктор Пацаев оқыған Алға қаласындағы №2 орта мектеп жастарымен кездесті.

Сондай-ақ Айдын Айымбетов облыс әкімі Бердібек Сапарбаевпен бірге физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде болып, оқушылармен кездесті. Құрметті қонаққа оқу сыныптарына экскурсия ұйымдастырылды және мектеп оқушыларының шығармашылық және ғылыми-зерттеу жұмыстары көрмесімен таныстырды.

«Ғарыш саласында зор әлеует бар. Соңғы кездері жер айналасы орбитасына әртүрлі эксперименттер жасаумен қатар Айға ұшуды қайтадан жалғастыру, сондай-ақ ғаламшараралық ұшырулар мәселелері алға қойылып отыр», - деді ғарышкер, ол жас қазақстандықтардың таланты мен білімдері елде космонавтиканы дамытудың басты құрамдасы болуы тиіс деген пікірін айтты.

Мектептің акт залында мектеп оқушыларымен кездесу болып өтті, ғарышкер-ұшқыш оларды толғандырған барлық сұрақтарға жауап берді.

Бұдан кейін Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында косммонавтика апталығының салтанатты ашылу рәсімі болды. Жиналғандар алдында сөз алған Айдын Айымбетов Ақтөбеде дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан шара заманауи космонавтиканың жетістіктерін таратуда ғана емес, бұл саланы одан әрі дамытуда да маңызды екенін атап өтті, деп хабарлады «Ақтөбе Ақпарат» ақпараттық орталығы.

Ақтөбеде ғарышкер-ұшқыш Айдын Айымбетов КСРО ғарышкер-ұшқышы, Кеңес Одағының Батыры Виктор Иванович Пацаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Хабарламаларға жазылу