Елордада «Ғылымнан - ғарышқа»атты жиын өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада «Ғылымнан - ғарышқа»атты жиын өтті

11.04.2019

«Ғылымнан - ғарышқа». Осындай атаумен елордада Дүниежүзілік авиация және ғарышкерлер, ғылым қызметкерлері күні қарсаңында салтанатты шара өтті. Жиынның бас қонағы – ұшқыш-ғарышкер, «Халық қаһарманы» Айдын Айымбетов.

Қазақтардың ішінен үшінші боп ғарышты бағындырған генерал-майормен болашақ әскерилер жүздесіп, әңгіме-дүкен құрды. Бала кезінде ғарышкер болуды армандайтын бала кемде-кем.

Сондықтан, сауалдардың басым бөлігі Айдын Ақанұлының қызметіне қатысты болды. Халық қаһарманы «Жас сарбаз» қозғалысының мүшелеріне өз тәжірибесі туралы әңгімелеп, Отан алдындағы қасиетті борышты өтеудің маңыздылығын атап өтті.

Айдын Айымбетов, ҚР ҚК ӘӘК генерал-майоры, ұшқыш-космонавт:

Сіздердің қозғалыстарыңыз енді бастау алып жатқанымен, келешекте қанатын кеңге жаяды деп сенемін. «Жас сарбаздықтар», сіздер біздің болашағымызсыздар. Әрқайсыңыз білікті ғалым, патриот әскери болып, ел игілігі үшін қызмет ететіңізге үміттімін.

Асхат Налшыбек, «Жас сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ қалалық филиалының төрағасы:

«Жас сарбаз» ұйымы ұлттық әскери-патриоттық бағытта тәрбиелеу, яғни біз оларға әскердегі күндер, біздің жастарымыз әскердегі күндерді қалай өткізеді. Оны біздің жастарымыз барып қолмен ұстап, көзбен көріп жатыр.

Екінші кезекте осындай Айдын Айымбетов, Тоқтар Әубәкіров сынды ағаларымызбен кездесіп, өткен тарихымызды жүрегіне, санасына құйып, олардың нағыз патриот болуына атсалысу. 

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу