Шымкентте «Театр көктемі-2016» облыстық театр фестивалі өтеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте «Театр көктемі-2016» облыстық театр фестивалі өтеді

06.04.2016
Шымкентте «Театр көктемі-2016» облыстық театр фестивалі өтеді

Шымкентте Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Театр көктемі - 2016» облыстық театр фестивалі өтеді.

Фестиваль облыстық қуыршақ, опера және балет, әзіл-сықақ және сатира театрларында, Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры мен орыс драма театрында, облыстық өзбек драма театрында 7-9 сәуір аралығында өңірдегі кәсіби театрлардың қатысуымен өтеді.

Аталған театр фестивалін елімізге белгілі Қазақстанның Халық әртісі, М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімов, Қазақстанның Халық әртісі, тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты Есмұхан Обаев, театр және кино актері, Қырғызстанның Еңбек сіңірген әртісі Бусурман Одуракаев, жазушы-драматург, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, әдебиетші, сыншы, профессор, Қ.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті жанындағы Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры Құлбек Ергөбек сынды бірқатар азаматтар қазылық ететін болады.

Шара қорытындысы бойынша үздік деп танылған қойылымдар арнайы сыйлықпен марапатталып, бас жүлде иеленген театр ұжымына автокөлік тарту етіледі.

Сіздердің назарларыңызға фестивальдің бағдарламасын қоса ұсынып отырмыз. Келем деушілерге есік ашық.

7 сәуір

- 11.00 - Облыстық қуыршақ театрында «Сағыныш шөбі» қойылымы;

- 15.00 - Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында фестивальдің ашылуы;

- 15.30 - Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында «Бас» драмасының қойылымы;

- 18.00 - Облыстық опера және балет театрында А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсы;

- 20.30 – Облыстық опера және балет театрында Музыка түні өтеді.

8 сәуір

- 11.00 - Облыстық өзбек драма театрында «Аяулым Анфиса» комедиясы;

- 15.00 - Облыстық әзіл-сықақ және сатира театрында «Қараша қаздар қайтқанда» драмасы;

- 18.00 - Облыстық орыс драма театрында «Двойник» комедиясы;

- 19.30 - Облыстық орыс драма театрында Поэзия түні өтеді.

9 сәуір

- 11.00 - Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры сахнасында Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының «Түнек торы» драмасы;

- 15.00 - Облыстық орыс драма театрында Түркістан қаласының сазды-драма театрының «Мұстафа Шоқай» драмасы;

- 18.00 - Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында «Театр көктемі-2016» облыстық театр фестивалінің жабылуы мен марапаттау рәсімі өтеді.

Хабарламаларға жазылу