Қытайда бокстан Азия және Мұхит аймағы бойынша Олимпиада ойындарының лицензиялық турнирі өтіп жатыр.
Бүгін жарыстың жартылай финалдық бәсекелері аяқталды. Турнирдің бұл кезеңінде 64 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Жәнібек Әлімханұлы, 81 келіде Әділбек Ниязымбетов, +91 келіде Иван Дычко және қыздар арасынан 75 келідегі Дариға Шәкімова жеңіске жетіп, Рио Олимпиадасына жолдама алды.
Ал, 52 келіде бақ сынаған Олжас Сәттібаев пен 56 келіде сынға түскен Қайрат Ерәлиев лицензия үшін әлі жекпе-жек өткізеді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан құрамасында 49 келіде Біржан Жақып, 60 келіде Берік Әбдірахманов, 69 келі салмақта құрама капитаны Данияр Елеусінов пен 91 келідегі Василий Левит Рио Олимпиадасының жолдамасын иеленген.
Финалдық бәсекелер 1 және 2 сәуір күндері өтеді. Барлық жекпе-жектерді «Kazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.