Лос-Анджелестегі «Долби» театрында Америка киноакадемиясының 88-ші «Оскар» сыйлығын табыс ету салтанаты шарасы аяқталды.
Шарада Леонардо Ди Каприо алғаш рет «Оскар» жүлдесін иеленді. Ол «Үздік актер» номинациясында жеңіске жетті.
Айта кетейік, Ди Каприо Алехандро Гонсалес Иньярритудің «Оралған аруақ» (The Revenant) фильмінде Хью Гласс атты аңшының рөлін сомдады.
Ал, «Ең үздік актриса» атағына «Бөлме» фильмінде ойнаған Бри Ларсон ие болды. Салтанатты шарада ең көп жүлдені «Ессіз Макс: Қаһарлы жол» фильмі жеңіп алды. Бұл фильмге 6 «Оскар» бұйырды.
«Оскар» жүлдесі бұйырған актерлердың арасында «Шпиондар көпірі» фильмінде ойнаған Марк Райлэнс те бар. Ол «Екінші пландағы үздік актер» аталымы бойынша жүлдеге ілінді. «Екінші пландағы үздік актриса» аталымы бойынша «Дат қызы» фильмінде ойнаған Алисия Викандерге «Оскар» сыйлығы бұйырса, «Үздік түпнұсқа сценарий» аталамында «Оскар» сыйлығы «Басты назарда» фильмінің сценарийін жазған Джош Сингер, Том МакКартиге берілді.
Ал, «Шет тіліндегі үздік фильм» атағына лайық деп «Саулдың ұлы» фильмі, үздік оператор ретінде «Оралған аруақ» фильмінің операторы Эммануэль Любецки танылды. Салтанатты шарада деректі фильм, анимациялық фильм, әуен, монтаж, дыбыс монтажы, үздік костюм сынды бірқатар номинацияларда жүлде тапсырылды.