Ақұштап ақынның жырларының ең басты екі тірегі — туған ел мен жерге деген ыстық махаббаты және қоғамдағы, өмірдегі қайшылықтар мен әділетсіздіктерге, адам қолымен жасалған қиянаттарға қарсы күрескерлігі.
Оның алпысыншы жылдардың ортасында жарық көрген алғашқы жыр жинағындағы әдеби қауымды елең еткізген «Өрімтал» атты өлеңінен бастап-ақ оқырмандар А.Бақтыгерееваны нәзік лирик ақын деп қабылдаған болатын. Оның өр өлеңдерінде боямасыз өмір, тартысты тағдыр жатыр.
Бүгін 21:00-де ақынның жақындары мен жора-жолдастары Ұлттық арнаға сұхбат береді.
Біздің анықтама:
Ақұштап Бақтыгереева - 1944 жылдың 23 тамызында БҚО, Ақжайық ауданы, Еңбек ауылында дүниеге келді. Ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі (1969), Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері. 1961 жылы Орал қаласындағы С. Сейфуллин атындағы №11 орта мектепті бітірген. 1961-1966 ж.ж. Қазақтың қыздар педагогикалық институтының филология факультетінде оқыды.
Еңбек жолын «Орал өңірі» облыстық газетінде бастаған. «Жұлдыз» журналы (1970), «Қазақ әдебиеті» газеті (1967) редакцияларында, «Жазушы» баспасында (1978) қызмет атқарды. «Өрімтал» деген алғашқы өлеңдер жинағы 1967 жылы жарық көрді.
Кейіннен «Наз» (1969), «Қуанышым, іңкәрім» ((1971), «Сені ойлаймын» (1973), «Ақ қанат» (1975), «Бақыт әні» (1978), «Жайық қызы», «Белокрылая» (1981), «Ақ желең» (1985), «Сүмбіле» (1990), «Ақ шағала» (2001), «Лебединая верность» (2004). «Ақ айдын» (2011), «Қайран, қарлығаштар-ай» (2014) атты кітаптары басылып шықты.
Ақын өлеңдері орыс тіліндегі «Песня, Мечта, Любовь», «Чудесный сад» (1980) топтамаларына енді. «Советская женщина», «Огонек» журналдарының жүлдесін алған (1980). ТМД елдері ақындарының (Зүлфия, Кузовлева, Н. Басиков, С. Капутикян және т.б.) өлең-жырларын қазақ тіліне аударған.
Қазір Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесінің директоры. 2005 жылы «Құрмет» орденімен марапатталған, 2012 жылы Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері атағы берілді.