«Таңшолпанда» - Ақұштап Бақтыгереева қонақта болмақ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Таңшолпанда» - Ақұштап Бақтыгереева қонақта болмақ

05.10.2014
«Таңшолпанда» - Ақұштап Бақтыгереева қонақта болмақ

Ақұштап ақынның бүкіл шығармашылығын шолып шыққан адам оның жырларының ең басты екі тірегін байқар еді. Ол — ақынның туған ел мен жерге деген ыстық махаббаты және қоғамдағы, өмірдегі қайшылықтар мен әділетсіздіктерге, адам қолымен жасалған қиянаттарға қарсы күрескерлігі.

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Ақұштап Бақтыгерееваның 70 жылдық мерейтойы аясында елімізде түрлі шара өтуде.

Осыған орай ақын 6 қазан күні «Таңшолпан» бағдарламасында қонақта болмақ. Ақын шығармашылығымен танысып, көкейде жүрген сауалдарыңыз болса, #tankaz хэштегі арқылы Twitter әлеуметтік желісінде жолдай аласыздар.

 

Біздің анықтама:

Ақұштап Бақтыгереева - 1944 жылы 28 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Ақжайық ауылында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік қыздар пединститутының филология факультетін бітірген (1966).

1966-1971 жылдары Орал облыстық «Орал өңірі», Талдықорған облыстық «Октябрь туы», республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде әдеби қызметкер, 1971-1972 жылдары  «Қазақфильм» киностудиясында редактор, 1972-1975 жылдары «Жұлдыз» журналында әдеби қызметкер, 1975-1981 жылдары «Жазушы» баспасының аударма редакциясында редактор қызметтерін атқарған.

Тұңғыш «Өрімтал» атты өлеңдер жинағы 1967 жылы жарық көрді. «Наз» (1969), «Қанышым – іңкәрім» (1971), «Сені ойлаймын» (1973), «Ақ қанат» (1975), «Бақыт әні» (1978), «Жайық қызы» (1980), «Белокрылая» (1981), «Ақжелең» (1985), «Сүмбіле» (1990) атты кітаптары басылып шықты.

2001 жылы «Ақ шағала» атты таңдамалы жыр жинағы, 2004 жылы «Лебединая верность», 2009 жылы «Гүлдесте» атты жинағы жарық көрген. С.Капутикян, В.Тушнова, А.Ахматова өлеңдерін қазақ тіліне аударған. Көптеген ән мәтіндерінің авторы.

«Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медалімен, «Құрмет» орденімен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері (2008).

Хабарламаларға жазылу