Қалила Омаровтың «Жамал апа» атты деректі фильмі жарыққа шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қалила Омаровтың «Жамал апа» атты деректі фильмі жарыққа шықты

25.02.2016
Қалила Омаровтың «Жамал апа» атты деректі фильмі жарыққа шықты

Жуырда «Жамал апа» атты деректі фильм жарыққа шықты. Осы турасында кинорежиссер: «Бұл фильм 2002 жылдан 2016 жылға дейін түсірілді. Кейіпкерім -  XXI ғасырда қазақ қоғамында болып жатқан процестерді бастан өткерген, жаңа заманның адамы»,-дейді.

Фильм сценарийін жазған Ольга Аяпова: «Мен осы әулеттің келіні болғандықтан, аса қиын бола қоймады. Фильм 14 жылдай түсірілді.  Апамыз 40 жасында 10 баламен жесір қалған. Мұнда шынайы өмір бар. Өз басым осы фильмнен үлкен тәрбие алдым. Өзге қыз-келіншектерге де септігі тиер деп ойлаймын»,-дейді.

«Жамал апаның қасында өзінің он баласынан бөлек, «апалап» тағы жүздеген бала жүр. Бір күні балаларына келіп, «Аналарыңыз сіздерді жеткізді. Қазір сіздердің ол кісіге арнап мавзолей салып беретін халдеріңіз бар. Бірақ, ол кісінің қандай адам екенін көрсететін жан сарайын салып бере аламын. Мен – режиссермін, қолымнан келеді, деп ұсыныс тастадым. Балалары келісті. Кино түсіруді бастадық.

Бір күні апам: «Мына Қалиланың киносының бюджеті  қанша?», деп сұрайды. Ол кезде ешбір аппарат жоқ, бәрін жаңадан алу керек болғанбыз. Сондықтан, бағасы да біршама еді. Содан апам: «Әй, мұндай ақша шығындалған киноға түспей-ақ қойдым. Әкел ақшаңды, мен одан да бала-шағасымен қайда барарын білмей, вагонда тұрып жатқан адамға үй алып берейін»,-деп ашуланып, ақшаны алып кетіп қалды.

Сонымен 14 жыл жүрдік. Кейін тағы бір Бақытжан деген ұлы келіп, киноның түсірілімін аяқтау қажеттігін, оған кететін шығындарды өзі көтеретіндігін айтты. Сөйткен фильмді Жамал апам кеше көріп, бір жылап, бір күліп, көңілінен шықты-ай, әйтеуір»,-деп еске алады режиссер.

Сұхбаттың толық нұсқасын «Таңшолпаннан» көре аласыздар.

Хабарламаларға жазылу