Сайлауалды үгіт-насихат науқаны әділ әрі таза болуы керек – ОСК - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сайлауалды үгіт-насихат науқаны әділ әрі таза болуы керек – ОСК

18.02.2016
Сайлауалды үгіт-насихат науқаны әділ әрі таза болуы керек – ОСК

Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының баспасөз қызметі хабарлады.  Шараға Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос пен комиссия мүшелері, прокуратура мен халықаралық және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Семинар барысында ОСК төрағасының орынбасары В.Фоос баяндама жасап,  саяси партиялардың өкілдерін сайлау науқанындағы партиялар қызметіне, олардың сайлауалды үгітті жүзеге асыру тәртібі мен шарттарына қатысты сайлау заңнамасының ережелері туралы түсіндірді.

«Сайлауға қатысушылардың барлығы сайлау заңнамасының ережелерін сақтап қана қоймай, сайлауалды үгітті «лас»  саяси технологияларын қолданбай  әділ жүргізуі маңызды», -деді В.Фоос.

Ал, ОСК мүшесі  Марат Сәрсембаев саяси партиялардың сайлау науқандарына қатысуына қысқаша шолу жүргізді және өткен парламенттік сайлаулардың кейбір ерекшеліктерін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының 1-ші Департаментінің бөлім бастығы С. І. Сәмет үгіт жүргізу кезеңінде саяси партиялардың қызметін құқықтық реттеу мәселелерін айқындап берді, сондай-ақ аталған мәселе бойынша құқық қолдану тәжірибесі туралы айтты.

Әсіресе, сайлау алдындағы үгітті оған тыйым салынған кезеңде жүргізу әкімшілік жауапкершілікке, партиялық тізімді немесе жекелеген кандидаттарды тіркеуден бас тартуға немесе тіркелгені туралы шешімді жоюға әкеп соқтыратындығын ескертті.

«Пікір алмасу барысында сайлау заңнамасы нормаларының сақталуын тиімді қамтамасыз етудің, сайлау туралы заңның талаптарын бұзушылықтарды анықтау мен болдырмаудың жолдары мен әдістері қаралды.  Саяси партиялардың өкілдері сайлау органдарымен және сайлау процесіне қатысушылармен өзара іс-қимыл тетіктеріне қатысты өздерінің ұсыныстары мен тілектектерін жеткізді»,-делінген баспасөз қызметі таратқан ақпараттарда.

Хабарламаларға жазылу