«Астана Опера» театры ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құрметіне XX ғасырдағы қазақстандық композиторлардың симфониялық музыкасының антологиясын шығармақ.
Жобаны театрдың шығармашылық ұжымы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, театрдың бас дирижері Алан Бөрібаев жетекшілік ететін симфониялық оркестр жүзеге асырады.
Антологияға XX ғасырдағы қазақстандық композиторлардың аса көрнекті туындыларын енгізу жоспарлануда. Оған жоғары сапалы CD дискілер, партитуралар, әр туындыға үш тілде берілетін түсініктеме кіреді, деп хабарлайды театрдың баспасөз қызметі.
«Мақсатымыз - симфониялық музыка мұрасын жинап, болашақ ұрпақ үшін сақтау. Кейбір шығармалар орындалмаған күйі «үстелде жатыр», кейбірінің, мысалы, винил күйтабағына жазылғандарының сапасы өте нашар. Біз бұл туындыларды жазып алуды мақсат етіп отырмыз. Осылардың негізінде шығармалар әйгілі дирижер Алан Бөрібаев жетекшілік ететін симфониялық оркестрімен орындалады», деп атап өтті музыкатанушы Маржан Жәкенова.