Ұлттық музейде М.Мақатаевтың 85 жылдығына арналған «Поэзия, менімен егіз бе едің...» әдеби-сазды жыр кеші өтті (Фото) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық музейде М.Мақатаевтың 85 жылдығына арналған «Поэзия, менімен егіз бе едің...» әдеби-сазды жыр кеші өтті (Фото)

10.02.2016
Ұлттық музейде М.Мақатаевтың 85 жылдығына арналған «Поэзия, менімен егіз бе едің...» әдеби-сазды жыр кеші өтті (Фото)

Кештің ашылуында музей директоры Дархан Қамзабекұлы М.Мақатаев мұраларының өміршеңдегі мен өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөліне тоқталып өтті.

«Мұқағали Мақатаевтың ақындығы бір төбе, тұлғалық қасиеті бір төбе. Бәрімізде оның жырларын оқып, жаттап өстік. Хәкім Абайдан бастап, Мағжан, Қасым, Төлеген, Мұқағали сынды ақындарымызды қазақ әдебиетіндегі, қазақ руханиятындағы ерекше құбылыс деп қарауға болады. Осы кешті ұйымдастыру арқылы жас буынның поэзияға деген қызығушылығын, құрметін арттырсақ дейміз. Қарасаздан шыққан қара өлеңнің қара нары атанған ақынымыздың құрметіне арналған әдеби-сазды кеш өскелең ұрпақты тәрбиелеу үшін өте маңызды!, - деді Д.Мыңбай.

Жиналған қауымға ақынның өмірін баяндайтын деректі фильм ұсынылды. Кешке арнайы дайындалып келген жас ақындар, астаналық мектеп оқушылары мен ЖОО студенттері Мұқағалидің, Фариза Оңғарсынованың жырларын мәнерлеп оқыды.

Көпшілік алдында сөз сөйлеген ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Серік Тұрғынбекұлы М.Мақатаев туралы естеліктерімен бөлісті.

Алматыда, Мұқағали Мақатаевтың жанында талай жыл жүріп, талайды бірге көрдік. Көп нәрсе үйрендік. Ол сол кездегі биліктің шен-шекпеніне қарамай шындықты айтудан бір сәт те танған емес. Өмірге де, өлеңге де адал жан еді. Қанша жылдар өтсе де оның шығармашылығы өміршеңдігін жоғалтқан жоқ және болашақта да жоғалтпайды, - деді С.Тұрғынбекұлы.

Сонымен қатар,  Ұлттық музей қызметкерлері ақын сөзіне жазылған таңдамалы әндерді нақышына келтіре орындап, жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. 

Хабарламаларға жазылу