15 ақпан кешкі сағат 18.00-де Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасында актриса Бақыт Жұмағұлованың сомдауында «Ана жүрегі» атты моноспектакльдің премьерасы өтеді. Шығарма жазушы Ш.Айтматовтың «Құс жолы» повесті негізінде «Ана жүрегі» атауымен жарық көрді. Қиын қыстау кездегі Ананың туған жеріне, халқына, ең бастысы жары мен балаларына деген махаббатын, батылдығын, шыдамдылығын қойылым негізіне арқау еткен.
Шығарманы қазақ тіліне аударған – Ш.Мұртаза. Спектакльдің режиссері – ҚР Халық әртісі Тілектес Мейрамов.
Бақыт Жұмағұлова 1986-1988 жылдары М. Әуезов атындағы академиялық драма театрының жанындағы драма студиясы Әубәкір Рахымовтың сыныбына қабылданды. 1988-1997 жылдары Талдықорған қаласының қазақ драма театрында актриса қызметін атқарды.
1997 жылдан Астана қаласындағы Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрында еңбек жасап келеді.
2002-2005 жылдары Қазақ музыкалық Ұлттық Академиясының театр және кино бөлімінің актер мамандығын бітірді. Театрдағы рөлдері: М.Хасенов «Қош бол ардағым», М.Әуезов «Қанды азу», «Қарагөз»-Үш әйел, Ғ.Мүсірепов «Қыз Жібек»-Дүрия, Ш. Айтматов «Ана-Жер-Ана» - Жер-Ана, Қ.Байсейітов, Қ.Шаңғытбаев «Беу,қыздар-ай»-Айсұлу,Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер» - Әлизә, Е.Жуасбек «Үйлену» - Мерек, «Антивирус» - Фатима, Ф.Оңғарсынова «Даланың күйші Динасы»-Динаның жеңгесі, М.Фриш «Дон-Жуанның думаны» - Донна Изабелла, Ш.Мұртаза «Бір кем дүние». Сонымен қатар ақындық қырыменде көрінуде, біраз өлеңдеріне ән жазылып әншілердің орындауында көрермендерге жол тартты.