«Қазақстан» телеарнасы жыр алыбы - Жамбыл туралы көпсериялы көркем фильм түсіріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан» телеарнасы жыр алыбы - Жамбыл туралы көпсериялы көркем фильм түсіріп жатыр

04.02.2016
«Қазақстан» телеарнасы жыр алыбы - Жамбыл туралы көпсериялы көркем фильм түсіріп жатыр

Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған, қазақ жырының дарабозы, ғасырға жуық ғұмыр кешкен, қазақ мәдениеті, әдебиетіне өлшеусіз мол мұра, сарқылмас қазына қалдырған, қазақ атын әлемге танытып, өнерін өрге сүйреген Жамбылдың өмір жолы мен өнері осы көркем туындыда суреттелмек, - деп хабарлайды «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның баспасөз қызметі.

Әдебиет зерттеушілерінің айтуынша, Жамбыл Жабаев көп қырлы ұлы тұлға. Оның ақындығын, суырып салма шешендігін былай қойғанда, жыр алыбы айрықша есте сақтау қабілетіне де ие болған. Миллион жол өлеңді жатқа білген. Сұраншы, Өтеген батыр, Хан мен ақын сынды эпостық жырлар мен Көрұғлы, Қыз Жібек дастандарын түнді таңға асырып айтқан. Ол өз заманында халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтай білді.

Фильмнің режиссері – Әнуар Райбаев («Лавэ», «Жеңіс семсері», «Қазына» және тағы басқа кинотуындылардың режиссері), сценарийін жазған – Бақытжан Шормақов.

Жамбылдың рөлін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, актер, әнші, композитор, драматург – Байғали Есеналиев сомдайды. Картинада сонымен қатар, Айгүл Үлкенбаева (Дина Нұрпейісова), Ілияс Тұрманов (Лаврентий Берия), Әйгерім Сәменова (Күләш Бәйсейітова), Жоламан Әміров (Жабай), Ергенбай Әбуев (Сүйінбай), Нұрбек Мұқыш (Кенен Әзірбаев), Боранбай Молдахметов (Мұхтар Әуезов), Қанат Жүнісов (Сәкен Сейфулин), Кентай Ақүрпеков (Темірбек Жүргенов), Бақыт Беделхан (Бауыржан Момышұлы) және тағы да басқа белгілі актерлер ойнайды.

Телесериалдың негізгі көріністері табиғаты әсем Алматы облысының «Үшқоңыр» баурайында, Жамбыл облысы мен Мәскеу қаласында түсірілді.

Көркем туындының режиссері Ануар Райбаев: «Біз түсіріп жатқан «Жамбыл» атты көркем фильм 4 бөлімнен тұрады. Қазақ сөз өнерінің «импровизация» үрдісін жаңа арнаға бұрып, жаңаша мазмұн дарытқан Жамбыл атамыз, қарапайым қара сөздің майын тамызып, талай айтыста жеңіске жеткен, ел алдында беделді еді. Жұдырықтай жүрегіне Жетісу мен Алатауды былай қойғанда, бүкіл әлемді сыйдыра білген, дана ақынның елге қалдырған аталық, даналық сөздерін, ел бүгінде аузынан тастамайды. Жүрген жерінде, «мың өліп-мың тірілген» барша қазаққа батасын бере жүрген Жамбылдың сол батасы бүгінгі күні де жерде қалмай, арманы мен ой өрісі көкке өрлегеніне қазіргі «ұрпақ» біз куә! Біздің мақсат - Жамбыл атамыздың «адами» тұлғасы мен қадір-қасиетін басқа қырынан көрсетіп, абыройын көкке өрлету»,-дейді.

Ендеше, тарихи драманы келер жылдың ақпан айында, ақынның туған күні қарсаңында «Қазақстан» телеарнасынан тамашалаңыздар!

Хабарламаларға жазылу