Гүлбаршын Тергеубекованың репертуарында Арқа әндерімен қатар, бүгінгі заманауи эстрадалық әндер де бар. Біржан сал, Ақан сері, Естай, Мәди, Майра, Үкілі Ыбырай және Қасым Аманжолов әндері әншінің орындауында аса бір халықтық орындаушылық сипатқа ие болады.
Ақын Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы», «Дариға сол қыз» сынды бірді-екілі әнін білмесе, жалпы бір кешке арқау боларлық музыкалық мұрасы бар екенін көпшілік қауым біле бермейтін.
Бірақ, Гүлбаршын Тергеубекованың бастамасымен қолға алынған «Қасымның әндері-ай!» атты концерт тыңдарман үшін жаңалық болды.
Бұл турасында әнші: «Жалпы ақынның рухы өршіл, мінезі өткір келгенімен, әндеріндегі иірім нәзік лиризм мен терең толғанысқа құрылған. Қасым әндері кейде маған ақынның жүрек түкпіріне тұнған жан дертін, қайғы-қасіреті мен арыз-арманын ғаламат бір отты, қуатты, бірақ, соншалықты сыршыл да нәзік сезіммен ән ноталарына әкеліп жанартаудай жарып жібергендей көрінеді»,-дейді.
Дәстүрлі әнші, «Құрмет» орденінің иегері, «Қасымның әндері-ай», «Абай әндері», «Алматы – ғашықтар мекені» атты жобалардың негізін қалаушы және жетекшісі Гүлбаршын Тергеубекованың «Мәңгілік ел» атты концертін бүгін Ұлттық арнадан сағат 15:10-да тамашалай аласыздар.