Мәжіліске Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, минитсрліктің департаменттері мен басқармаларының басшылары, әскер түрлерінің бас қолбасшылары, өңірлік қолбасшылық әскерлері мен тектерінің қолбасшылары, жоғары оқу орындарының, қорғаныс істері жөніндегі департаменттерінің бастықтары, сержанттар құрамы қатысты.
«Бүгін біз 2015 жылы атқарған жұмысымыздың нәтижесін қорытындылаймыз. Биылғы жылы Қорғаныс министрлігінің қызметі жауынгерлік мүмкіндіктің жоғары деңгейіне ие қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге бейімделген Қарулы Күштердің құрамы мен құрылымы бойынша Қарулы Күштерді құру жөніндегі Жоғарғы Бас Қолбасшының нұсқауы бойынша орындалды», - деді Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов.
2015 жылы Жоғарғы Бас Қолбасшы Қарулы Күштерді қолданудың жаңа жоспарын бекітті. Сондай-ақ «Бітімгершілік қызмет», «Жұмылдыру даярлығы мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарға қол қойды.
Қазіргі заманғы қауіп-қатер қазақстандық армияны жылдам және тиімді өзара іс-қимыл жасауға дайындау қажеттілігін туғызады. Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың нұсқауларына сәйкес, осы жылы 6 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізілді.
Яғни, жауынгерлік, жедел және жұмылдыру даярлығы, қорғаныс-өнеркәсібі кешенін дамыту, әскери инфрақұрылымды салу, әскери білім беру жүйесін жетілдіру, халықаралық ынтымақтастық, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі идеологиялық жұмыс.
«Айбалта», «Өзара іс-қимыл», «Орталық», «Жауынгерлік достастық», «Мызғымас бауырластық», «Дала қыраны», Түркияның Қарулы Күштерімен бірлесе «Қаратау» және «Қабылан жолы» жедел-тактикалық және халықаралық оқу-жаттығулары, Қытай ұлт-азаттық армиясының лаңкестікке қарсы бөлімшелерімен бірлескен оқу-жаттығуды өткізуге ерекше назар аударылды.
«Армия ойындары», «Танк биатлоны», «Авиадартс», «Каспий теңізі», «Отар» әскери базасында (ТМД шеңберінде) «Достастық жауынгері», «Алтын үкі», «Кембриялық патруль» сияқты халықаралық оқу-жаттығуларда әскери қызметшілердің белсене қатысуы мен жүлделі орындарын да атап өткен жөн.
«Өз кезегінде, барлық қабылданған шаралар Қарулы Күштердің жауынгерлік әлеуетін 1,5 есеге ұлғайтуға мүмкіндік берді»,-деді министр.