Элизабет Тұрсынбаева 20-21 желтоқсанда Қызылордада өтетін ел чемпионатында өнер көрсетеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Элизабет Тұрсынбаева 20-21 желтоқсанда Қызылордада өтетін ел чемпионатында өнер көрсетеді

18.12.2015
Элизабет Тұрсынбаева 20-21 желтоқсанда Қызылордада өтетін ел чемпионатында өнер көрсетеді

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 15 жастағы Элизабет спорттық жолын 2005 жылы Мәскеу қаласының «Москвич» тәжірибелік жоғары спорт шеберлігі мектебінде бастаған. 2013 жылдан бері оны Торонтода канадалық бапкер Брайан Орсер жаттықтырып жүр. Ал, жас спортшының Қазақстанды дүние жүзіне танытып жүргеніне себепкер бірден-бір адам – оның әкесі мен анасы.

«Элизабеттің ата-аналарының бірі бапкері болса, бірі – менеджері», - деді Облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының басшысы.

Осы ретте ол облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың әрі әдемі, әрі күрделі спорт түрінің үлкен жанашыры, жанкүйері екенін атап өтті. Осыған қарай, жергілікті басшылық тарапынан оған қолдау да жоғары.

«Мұз үстінде мәнерлеп сырғанау спорт қана емес, ол – бір жағынан үлкен ғылым. Біз қызымыздың әлі де биік шыңдардан көрінуіне күш саламыз», - деді Элизабеттің әкесі Байтақ Тұрсынбаев.

Элизабеттің өнеріне қолдау білдіріп, қаржылай демеуші боп жүрген «ҚазГерМұнай» компаниясының басшылығына отбасының ризашылығы шексіз.

«Алда талай сын күтіп тұр. Келесі жылы Норвегияда, Венгрияда, Бостонда (АҚШ) жасөспірімдер чемпионаттары өтеді. Дайындық қызу жүріп жатыр, - деген Элизабет Тұрсынбаева жерлестерінің қолдауына алғысын жеткізді.

Элизабет сонымен қатар, 20-21 желтоқсанда Қызылордадағы «Мұз айдыны» спорт кешенінде өтетін ел чемпионатында осы облыстың атынын өнер көрсетпек.

Хабарламаларға жазылу