Өнер ордасының осынау мерейлі мерекесіне орай театрда шығармашылық кеш өтті, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Салтанатты шара барысында облыс әкімінің орынбасары Ғани Сәдібеков аймақ басшысы Қанат Бозымбаевтың атынан театр ұжымын құттықтады.
«25 жылдық мерейтойын атап жатқан Жүсіпбек Аймауытов атындағы өнер ордасын шын жүрекпен құттықтай отыра, шығармашылық табыстар тілейміз. Алдағы уақытта тек биік шыңдардан көрінулеріңізге тілектеспіз», - деді Ғ. Сәдібеков.
Мейрам күні театрдың тарихына арналған музей мен жергілікті суретшілердің қылқаламынан туған өнер иелерінің портреттер галереясы ашылды. Сонымен қатар, екінші қабатта павлодарлық суретшілердің Қазақ Хандығының 550 жылдығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналған көрмесі ұсынылды.
Сондай-ақ, бірқатар театр әртістері облыс әкімінің құрмет грамотасымен марапатталып, тағы бірқатары алхыс хатқа ие болды.