Елімізге Қырғызстаннан картоп әкелуге тыйым салынуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізге Қырғызстаннан картоп әкелуге тыйым салынуы мүмкін

11.03.2016
Елімізге Қырғызстаннан картоп  әкелуге тыйым салынуы мүмкін
Елімізге Қырғызстаннан картоп  әкелуге тыйым салынуы мүмкін

Елімізге Қырғыз елінен әкелінетін көкөністерге тыйым салынуы мүмкін. Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл қадамға мәжбүрлі түрде барғалы отыр. Өйткені жыл басынан бері көрші мемлекеттен жеткізілген картоптан қауіпті жұмыр құртының кездесуі жиілеп кеткен. Осыған байланысты министрлік Қырғыз еліне ескерту хатын жолдады. Алайда, әзірге олардан жауап жоқ.

Картоптың алтын түстес жұмыр құртын көзбен көріп, қолмен ұстау мүмкін емес. Тек, ұлғайтқыш құрылғының көмегімен ғана анықтауға болады. Өйткені, тым ұсақ, әрі картоптың сыртқы қабатына жабысып алады екен. Бүгін де зертхана мамандары Қырғыз елінен келген көкөністі жуып, құрамын зерттеді.

Жамбыл аймақтық карантиндік зертханасының бас маманы Зина Қожамқұлованың айтуына қарағанда бұл құрттар өте өміршең көрінеді. Күн жылыған кезде олардың дернәсілдері шығады. Ал дернәсілдері шыққан кезде көптеп тарай бастайды.

Мамандар жұмыр құрт аса қауіпті деп дабыл қағуда. Картоптың тамырына бітетін ол қажетті барлық қоректі өзіне тартып алады екен. Әрі тез тарайды. Салдарынан, өнім өспейді. Зиянкестің залалы мұнымен бітпейді. Ең сорақысы, топырақты да улап тастайды. Одан соң сол аймақты залалсыздандыруға кемінде 15-20 жыл уақыт қажет. Тіпті, көптеген елдер зиянкестің залалымен күресе алмай, картоп өсіруден мүлдем бас тартқан.

Бұл зиянкестің өзге де қырлары, импортталатын картоптың көлемі мен карантинге қатысты толығырақ Ұлттық арнаның Kaznews жаңалықтарынан көріңіздер.


Kaznews.kaztrk.kz

Хабарламаларға жазылу