Өңделмеген балықты экспорттауға тыйым салынуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өңделмеген балықты экспорттауға тыйым салынуы мүмкін

14.11.2022

Өзен-көлімізде балықтың түр-түрі болғанымен, тұрғындардың балық өнімін тұтыну көрсеткіші Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ұсынған нормадан 4 есе аз. Енді өңделмеген балықты экспорттауға тыйым салынуы мүмкін. Балықты тыйым салынған құралдармен аулағаны үшін салынатын айыппұл көлемі де 50 айлық есептік көрсеткішке дейін өседі. Бұл қылмыс бір жыл ішінде тағы қайталанса, 15 тәулікке қамау жазасы қарастырылуы мүмкін. Еліміздегі балық шаруашылығының қазіргі жай-күйі бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында айтылды. 

Еліміз балық өнімдерінің басым бөлігін сырттан тасымалдайды. Жыл сайын шет елдерден 41 мың тонна балық әкелінсе, бізден сырт елдерге 25 мың тонна сатылады. Яғни экспорттан импорт үлесі басым. Еліміз балықты аз тұтынатын елдер қатарында. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бір адамға жылына кемінде 16 килограмм балық жеуді ұсынса, бізде бұл көрсеткіш 4 килограмға да жетпейді. Ал, көрші Қытайда бір адам жылына 43 келіге дейін тұтынады.

Фахриддин Қаратаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Балық және балық өнімдері қымбат тұратындықтан халықтың қалың тобына қолжетімсіз. Сол себепті мектепті, мектепке дейінгі және оқу орындарына тамақтану рационында балаларға балық өнімдері берілмейді. Осыған қатысты балықты ішкі тұтыну деңгейін және балалардың тамақтану рационында арттыру үшін қандай шаралар қабылдануда?

Енді өңделмеген балықты экспорттауға тыйым салынуы мүмкін. Өйткені отандық кәсіпорындарға шикізат жетпей, өндірістік қуатын толық пайдалана алмай келеді. Қазір ел аумағында 72 балық өңдеу кәсіпорны жұмыс істеп тұр.

Серікқали Брекешев, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі:
Мына лососьты қазір шетелден алып келіп жатырмыз ғой, егер форельді осы Қазақстанда өсіретін болсақ, бір отбасыға жететін балық болғандықтан, импортты алмастырамыз. Және екінші бағыт ол Каспий теңізінде килки және майшабақ аулау көлемін арттыру жоспарланған. Осы шараларды қолдансақ, импорт көлемін төмендетеміз.

Министр мемлекеттік ұйымдарға отандық өндірушілерден балық өнімдерінің кепілдік берілген көлемін басым тәртіппен сатып алуды міндеттеу керек екенін айтты. Сондай-ақ, балық шаруашылықтарына салынатын құн салығын 70 пайызға дейін азайтуды ұсынды. Ал, осы салада жұмысын енді бастаған кәсіпкерлердің көбі мемлекет тарапынан берілетін жеңілдік жайында бейхабар. Сондықтан бұл бағытта үгіт-насихат жұмысын жандандыру керек.

Елдос Абақанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Ең басты сұрақ, балықшыларға оның ішінде жағалау аумақтарында тұратын тұрғындар үшін негізінен ауылдық өңірлерде орналасқан балық аулайтын елдімекеннің тұрғындары үшін, су обьектілеріне кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етіп, аукцион арқылы берілетін су обьектілерінің тетіктерін қайта қарау керек.

Елімізде жыл сайын шамамен 40-45 мың тоннадай балық ауланады. Сондай-ақ, былтыр 15 мың тоннаға жуық балық өсірілген. Бұл 2017 жылғы көрсеткіштен 5,5 есе көп. Әйтсе де бұл салада білікті маман тапшы. Балық шаруашылығын дамытуда браконьерлікпен күресте ерекше рөл атқарады. Статистикаға сүйенсек,  биыл 4 мыңдай заң бұзушылық анықталып, 61 млн теңге айыппұл салынған. Балықты заңсыз аулайтындарға қылмыстық жауапкершілікті күшейту ұсынылып отыр. Бұл жөнінде заң жобасы алдағы уақытта Мәжіліске ұсынылмақ.

Сәбит Әлдебай

Хабарламаларға жазылу