Астана халықаралық әуежайында бизнес-авиацияның жаңа терминалы ашылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астана халықаралық әуежайында бизнес-авиацияның жаңа терминалы ашылды

19.11.2015
Астана халықаралық әуежайында бизнес-авиацияның жаңа терминалы ашылды

Астананың әлемдік деңгейдегі заманауи мегаполис ретінде ойдағыдай дамуы үшін халықаралық әуежайдағы жаңа нысанның маңызы аталды. Астана елдің экономикалық орталығы ретінде дамып, инвестициялық тартымдылығы артқан сайын қалаға алыс-жақын шетелдерден келетін іскер топтардың саны да тұрақты түрде өсіп келеді.

Алдағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрменің өтуіне, кейіннен Халықаралық қаржы орталығының құрылуына байланысты жаңа бизнес-авиация терминалының өзектілігі арта түспек.

Әуежайды кеңейту, жаңа терминалдар салу, инженерлік және сервистік инфрақұрылымды жақсарту елорданың халықаралық маңызы бар орталық көлік-логистикалық хаб ретінде қалыптасуына елеулі үлес қосады.

Үш мың шаршы метрге жуық алаңда орналасқан жаңа терминал сағатына 200 жолаушыны өткізе алады. Терминал ғимаратында  конференц-зал, келіссөздер өткізуге арналған бөлмелер, сондай-ақ, 30 орындықкөлік тұрағы бар.

Бизнес-авиация терминалында чартерлік рейстерге қызмет көрсетіледі. Әуежай басшылығының айтуынша,  бұл нысанды іске қосу жолаушыларға арналған қызмет көрсету сапасын айтарлықтай арттырып, бизнес-авиация рейстерінің тартымдылығын ұлғайтады.

Сонымен бірге, қазіргі кезде жаңа терминалдың құрылысы мен Астана қаласы әуежайының ұшу-қону алаңын жөндеу жұмыстарының жүріп жатыр.

Жаңа терминал жылына төрт миллион жолаушыны өткізе алады. Осылайша, Астана әуежайы 2017 жылы жолаушылар санын жылына үш миллионнан жеті миллионға дейін көбейтпек, деп хабарлайды Астана әкімдігінің баспасөз қызметі.

Хабарламаларға жазылу