Таразда Қазақ күресі федерациясының кубогы ұйымдастырылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Таразда Қазақ күресі федерациясының кубогы ұйымдастырылады

30.10.2015
Таразда Қазақ күресі федерациясының кубогы ұйымдастырылады

Аталмыш шараны Қазақстан Республикасының Қазақ күресі федерациясы,  Мәдениет және спорт министрлігі, «Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы» заңды тұлғалар бірлестігі мен Жамбыл облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастыруда.

Тараз қаласындағы «Тараз-Арена» спорт сарайында өтетін федерация кубогына қазақ күресінен жиырмаға жуық клубтық командалар қатысады деп күтілуде.

Олардың қатарында қазақ күресінен мамандандырылған мемлекетттік және жеке спорт клубтары, құрамында қазақ күресі бөлімі жұмыс істейтін балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің олимпиадалық резерв мектебі, олимпиадалық резерв орталығы, жоғарғы спорттық шеберлік мектебі, қазақ күресі бөліміне жағдай жасалған мамандандырылған арнайы орта оқу орындары  мен ЖОО-ның клубтарынан жиырмаға жуық команда қатысады.

Федерация кубогында балуандар  55, 60, 66, 74, 82, 90, 100, +100 келі салмақ дәрежелері бойынша командалық сында «бетпе-бет» кездесу өткізеді. Іріктеуден финалдық кезеңге жеңіске жеткен 8 команда жолдама алады.

Федерация кубогының жүлдегерлеріне қомақты ақшалай жүлде қоры тағайындалып отыр. Бұл республика бойынша жүлде қоры жағынан алғашқы үштікке кіретін жарыс болады, деп хабарлайды Қазақстан Республикасы Қазақ күресі федерациясының баспасөз қызметі

 

 

 

 

Хабарламаларға жазылу