Қытайда қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді (ВИДЕО) - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қытайда қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді (ВИДЕО)

14.09.2016
Қытайда қазақ күресінен Әлем чемпионаты өтеді (ВИДЕО)

Биыл Қытайда Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының ұйымдастыруымен қазақ күресінен Әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Әлемдік дода Іле-Қазақ автономиялы облысы Моңғолкүре ауданында қыркүйек айының 21-25 аралығында өтеді. Осы күндері төрткүл дүниенің төрт бұрышынан төл күресімізден өтетін чемпионатқа өз елдерінде жауырынын жерге тигізбей жүрген балуандар жиналып, күш сынасады.

Дүниежүзілік қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеевтің айтуынша, биылғы чемпионатқа алғаш рет бес құрлықтың балуандары қатысады. Соның ішінде қазақ күресі жақсы танылып үлгерген Азия мен Еуропа елдерінен басқа Африка, Америка мен Австралия құрлығынан балуандар бар.

Серік Төкеевтің айтуынша, Әлем чемпионаты кезінде қазақ күресінен ғылыми конференция өтеді. Оған төл күресімізді зерттеп, зерделеп жүрген мамандар қатысып, қазақ күресі туралы баяндама жасайды.

Биылғы Әлем чемпионаты осымен алтыншы рет өтпек. Ол алғаш рет 2006 жылы Алматы қаласында өтсе, одан кейін Ресейдің Ор қаласында ұйымдастырылған. 2010 жылы Астанада, 2013 жылы Беларусьтің Минск қаласында  өтті. Ал, соңғы рет әлемдік дода Ресейдің Орынбор қаласында өткізілді.

egemen.kz

Хабарламаларға жазылу