Алматыда трамвай депосы жұмысын уақытша тоқтатады

30.10.2015
Алматыда трамвай депосы жұмысын уақытша тоқтатады

«Алматыэлектротранс» ЖШС трамвай депосы 31 қазаннан өз жұмысын уақытша тоқтатады. Бұл туралы қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Қала әкімдігі мұндай қорытындыға арнайы комиссияның шешімінен кейін келді.

Айта кету керек, қалада соңғы айда орын алған бірқатар жол апатынан кейін 16-20 қазан аралығында депо қызметкерлері мен «Метрополитен» МКК қызметкерлері біріге отырып трамвай жолдарының қауіпсіздігін тексерген болатын.

Комиссия қорытындысына сәйкес, рельс бірігетін тұстарда 50 мм жік бары анықталды. Рельстер 2-2,5 см-ге тозған, ағаш шпалдар шіріп кеткен. Трамвай жолдарының апатты жағдайы күрделі жөндеуді қажет ететіндігі анықталды. Жолдардың ескіруіне байланысты трамвай көлігінің дөңгелектері де әбден тозған.

Былтырдың өзінде 20 рет вагондар рельстен шығып кеткен. Биыл 43 дерек тіркелді. Бұл деректердің барлығын трамвай басшылығы жасырын ұстап келген.

Трамвай жұмысының тоқтауына байланысты №20, 112 маршрут автобустарының бағыты өзгерді. №20 автобус «Рахат» кондитерлік фабрикасынан №5 емханаға дейін ұзартылды. Ал №112 маршрут № 6 трамвай маршрутының жолын қайталайтын болады.

Айта кету керек, депо қызметкерлері жұмыссыз қалмайды. Олардың барлығы жақын арада қайта оқытудан өтеді.

Хабарламаларға жазылу